Астанада полиция алаяқтық схемаларға қатысы бар 20 жастағы дропперді ұстады, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, жас жігіт қылмыс ұйымдастырушылардың нұсқауы бойынша жәбірленушілерден алынған ақшаны алып, криптовалютаға айырбастап, көрсетілген криптоәмияндарға аударып отырған. Ол бұл әрекеті үшін ақшалай сыйақы алған.
Күдіктінің алаяқтықтың екі дерегіне қатысы бары анықталды. Бірінші жағдайда қылмыскерлер өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматты 7 миллион теңгесін беруге көндірген. Ер адам ақшаны банктегі депозитінен шешіп алып, курьер арқылы қолма-қол тапсырған.
Екінші жәбірленуші 22 миллион теңгесінен айырылған. Алаяқтар өздерін банк қауіпсіздік қызметінің мамандары ретінде таныстырып, ақшасын беруге көндірген. Қаражаттың бір бөлігі қолма-қол беріліп, қалғаны банк шотына аударылған.
Осылайша, екі эпизод бойынша жәбірленушілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 29 миллион теңгені құрады.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмысқа қатысы бар өзге тұлғалар анықталып жатыр.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері интернет-алаяқтықтан зардап шеккен елорда тұрғындарына 700 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.