Астанада 23 жастағы ер адам алаяқтық жасап, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ мәліметінше, ол Threads әлеуметтік желісінде өзін әскерде қызмет ету кезінде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшырадым деп жалған мәлімдеп, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Тергеу барысында оның ешқашан әскери қызмет өтемегені, ал жариялаған оқиғаны жұрттың сеніміне кіріп, ақша жинау мақсатында ойдан шығарғаны анықталған.
Белгілі болғандай, жарияланым шыққаннан кейін екі күн ішінде көрсетілген банк шотына көптеген ақшалай аударым түскен.
Еске салайық, биыл наурыз айында полиция осы жазбаның авторын ұстаған болатын. Тергеу барысында оның әскердегі зорлық туралы айтқан мәліметтері расталмай, кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.