Павлодарда 26 жастағы ер адам тұрғындарға жеңілдетілген ипотека, автокредит және «Даму» қоры арқылы несие алып беруге уәде етіп, шамамен 80 млн теңге шығын келтіргені үшін сотталды, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы ақпанға дейін ол азаматтардан бірнеше миллион теңгеден ақша алып, қаражаттың басым бөлігін жеке қажетіне жұмсаған. Қылмыстық іс бойынша 24 алаяқтық дерегі тіркелген. Ақшаның аз ғана бөлігі қайтарылған.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. Алайда рақымшылық туралы заңға сәйкес, жаза мерзімі үш жылға дейін қысқартылды. Сотталушы кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды толық өтеуге міндеттелді.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда бірлестік төрағасы тұрғындардың 2,5 млн теңгеге жуық ақшасын жеке қажетіне жұмсағаны хабарланған еді.