Ақтөбе облысында мас күйінде көлік жүргізгені үшін сотталған 33 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторынан қашып кетті. Ол ғимараттың шатырына шығып, тікенек сымнан асып өткен. Алайда бостандықта ұзақ жүре алмады, деп хабарлайды ult.kz.
«Диапазон» мәліметінше, Қарғалы ауданының тұрғыны бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған. Соған қарамастан, ол қайтадан мас күйінде рөлге отырған. Сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Үкім шыққаннан бірнеше күн өткен соң ер адам Бадамша ауылындағы Қарғалы аудандық полиция бөлімінің УҰИ-дан қашқан.
Сот материалдарына сәйкес, кешкі серуен кезінде ол аула есігіндегі аспалы құлыпты ашып, басқа аулаға өткен. Кейін қабырғадан шығып тұрған ұлутас бөлігін итеріп, арматураны сындырып, шатырға көтерілген. Осыдан соң тікенек сымнан асып, изолятор аумағынан шығып кеткен.
Ер адам Кемпірсай ауылына қарай жаяу бет алып, кейін Ақтөбеге бара жатқан көлікке отырған. Алайда қалаға жете алмады. Полиция оны сол күні ұстады.
Сотта сотталған адам кінәсін толық мойындады.
Қашқаны үшін ол ҚР Қылмыстық кодексінің 426-бабы бойынша 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған қоса, алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жаза мерзімі ескеріліп, түпкілікті 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.