Ақтөбе облысының Байғанин ауданында қатты екпінді желдің салдарынан жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, аудан орталығында дауыл кезінде байланыс мұнарасы бір қабатты жеке дүкеннің шатырына құлап, салдарынан үш адам жарақат алды. Зардап шеккендердің барлығына аудандық ауруханада қажетті медициналық көмек көрсетілген.
Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов барып, бүлінген нысанды аралап, электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Әкімдік мәліметінше, ауданда төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның шұғыл отырысы өтіп, бүлінген нысандардың тізімін жасау, келтірілген шығынды бағалау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жауапты қызметтердің жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды. Қазіргі уақытта барлық тиісті қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.
Облыс әкімдігі жағдайдың өңір басшысының жеке бақылауында екенін мәлімдеді.
«Ең бастысы – адамдар аман. Зардап шеккен тұрғындарға заң аясында қажетті қолдау көрсетіледі. Табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары жедел жүргізіледі», – деді облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов.