Ақтауда подъезде ұйықтап қалған баланың анасы түні бойы іздеген

Ақтауда подъезде ұйықтап қалған баланың анасы түні бойы іздеген
t.me/halyqstan

Ақтауда көпқабатты үйдің кіреберісінде ұйықтап қалған 14 жастағы баланың суреті әлеуметтік желіде тарады. Желі қолданушылары жасөспірімнің бес күн бойы үйіне бармағанын жазып, отбасына қатысты түрлі пікір білдірген. Алайда бұл ақпарат ресми түрде жоққа шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.

HALYQSTAN Telegram арнасының мәліметінше, оқиға 8 қазанда болған. Кешкі серуенге шыққан жасөспірім сағат 22:30 шамасында досын күту үшін үйінің кіреберісіне кіріп, екінші қабаттағы баспалдақ алаңында ұйықтап қалған. Оны байқаған әйел үстіне көрпе жауып қойған.

Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мүшесі Диляра Туринаның айтуынша, баланың бес күн бойы үйіне келмегені туралы мәлімет шындыққа жанаспайды. Анасы ұлын түні бойы іздеп, оның амандығына алаңдаған.

Оқиғадан кейін Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен Психологиялық қолдау орталығының мамандары отбасының жағдайын зерделеген.

Басқарманың хабарлауынша, қазір мамандар мен отбасы арасында тұрақты байланыс орнатылған. Баланың жағдайы бақылауда, оған психологиялық қолдау көрсетіліп, анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Жасөспірімнің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және психологиялық жай-күйін қолдау шаралары жалғасып жатыр.