Ақтауда ер адам әйеліне пышақпен шабуыл жасап, өлтірмек болды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Lada.kz порталы хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 14 шілде күні Ақтау қаласындағы 14-шағынауданда таңғы сағат 04:00–06:00 аралығында болған.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, әйел күйеуімен ажырасу процесінде жүрген. Ерлі-зайыпты төрт бала тәрбиелеп отыр. Олардың сөзінше, күдікті бұған дейін әйеліне бірнеше рет қоқан-лоқы жасап, өзін, балаларын және жақындарын өлтіретінін айтып қорқытқан. Оқиға болған күні де әйелді балаларын сылтау етіп сыртқа шақырған.
– Әпкем кездесуге барды. Сол жерде оны аяусыз соққыға жығып, бірнеше жерден пышақтаған. Қазір ол ауруханада жатыр. Жағдайы ауыр болғанымен, тұрақты. Біз оқиғаны видеоға түсіріп алған куәгерлерді іздеп жатырмыз, – дейді жәбірленушінің туысы.
Маңғыстау облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, алдын ала мәліметтер бойынша әйел отбасылық-тұрмыстық жанжал кезінде жарақат алған. Ол ауруханаға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.