Белгілі журналист әрі тележүргізуші Анна Данченко анасының денсаулығына алаңдап, әлеуметтік желідегі парақшасында жүрек тебірентерлік жазба жариялады. Ол анасының қазір ауыр жағдайда жатқанын айтып, оған деген сезімі мен қорқынышын бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист жазбасында өзін өмір бойы мықты болуға тырысқан адам ретінде сипаттады. Оның айтуынша, ата-анасы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға, олардың мақтанышы болуға ұмтылған. Себебі ата-анасының өмірінде қиындық көп болғанын көріп өскен.
Анна Данченко есейгенде ата-анасына қамқор болып, олардың жасаған жақсылығын қайтаруды армандағанын айтты. Алайда ол әкесінен тым ерте айырылып қалған.
«Әкем соншалықты тез кетті, мен әлі күнге дейін ол Аралда тұрып жатқандай, ал біз анам екеуміз Алматыда жүргендей сезінемін», – деп жазды ол.
Журналист балалық шағын да еске алды. Оның сөзінше, ата-анасы қанша қиындық көрсе де, балаларына оны білдірмей, әрдайым махаббат пен қамқорлық көрсеткен.
Анна анасының өз өміріндегі ерекше орнын атап өтті. Ол анасының әрдайым қолдау көрсетіп, жетістіктеріне қуанып, батасын беріп отырғанын жазды.
«Анашым, сен – менің өмірімсің. Құдайдың мені сенің қызың етіп таңдағанына сондай ризамын. Сен – менің қорғаушы періштемсің», – деді журналист.
Қазір Анна анасының жанында отырып, оны құшақтап, сөйлесе алмай отырғанын ауыр қабылдап жүргенін жеткізді. Ол анасының тыныс алып жатқанын сезіп, өзін естіп жатқан шығар деген үмітпен отырғанын айтты.
Журналист анасының қолын ерекше сағынышпен сипаттады. Оның айтуынша, бұл – оны бала кезінен жетелеген, құлаған кезде сүйеген, ауырғанда маңдайынан сипаған аяулы қол.
«Әкемнен айырылған соң бір қанаты сынған құстай болдым. Бірақ сен үшін бір қанатыммен ұшуға тырыстым. Ал қазір сол қанатым да сынғандай», – деп жазды Анна.
Жазбасының соңында журналист анасына өмір үшін күресуді өтініп, оны қаншалықты жақсы көретінін жеткізді.
«Анашым, өтінемін, кетпеші! Сенсіз мен ұша алмаймын. Анашым, мен сені қатты жақсы көремін!» – деп жазды ол.