“Алтын медаліңнің байғазысы”: Еркебұлан Тоқтар жас чемпионға құрмет көрсетті

“Алтын медаліңнің байғазысы”: Еркебұлан Тоқтар жас чемпионға құрмет көрсетті
Фото-коллаж: ult.kz

Қазақстандық ММА жауынгері Еркебұлан Тоқтар таеквондошы Тамирлан Тілеулесті Азия ойындарындағы тарихи жеңісімен құттықтап, оған байғазы берді, деп хабарлайды ult.kz.

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Тамирланмен кездескен сәтінен видео жариялады. Кездесу кезінде жас чемпион алтын медалін көрсеткен. Ал Еркебұлан Тоқтар оның жетістігіне қуанып, қазақы дәстүрмен 100 АҚШ долларын байғазы ретінде табыстаған.

Тамирлан Тілеулес 2026 жылғы Азия ойындарында 58 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бірнеше қарсыласын жеңген. Ол жарыс барысында Оман, Иран және Оңтүстік Корея спортшыларынан басым түскен.

Ал шешуші кездесуде Филиппин өкілі Курт Брайан Барбосамен күш сынасып, 2:0 есебімен жеңіске жеткен.

Осылайша, Тамирлан Тілеулес Қазақстан тарихында жазғы Азия ойындарының таеквондо жарысынан алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.

Жас чемпионның жетістігін Еркебұлан Тоқтар да назардан тыс қалдырмай, оған құрмет көрсетіп, ақшалай сыйлық берген.

Еркебұлан Тоқтар кім?

Еркебұлан Тоқтар – қазақстандық актер, аралас жекпе-жек (ММА) спортшысы және блогер. Ол кино саласындағы рөлдерімен және жекпе-жек алаңындағы өнерімен көпшілікке танылған. Спортшы әлеуметтік желілерде белсенді болып, жаттығулары мен жарыстарынан бейнежазбалар жариялап тұрады. Еркебұлан актерлік өнер мен кәсіби спортты қатар алып жүрген қазақстандық танымал тұлғалардың бірі.

Еркебұлан Ерболұлы Тоқтар 1995 жылы 29 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Алматы энергетика және байланыс университетінде ақпараттық технологиялар мамандығы бойынша білім алған. Кейін Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдаған. Актерлік шеберлікті арнайы курстарда меңгеріп, каскадерлік дайындықтан өткен. 2011 жылдан бастап кино түсірілімдеріне қатысып, алғашқыда шағын рөлдерді сомдаған. 2017 жылы “ZOR” фильмінде алғаш рет басты рөлге ие болды. Кейін “Замандастар”, “Көкжал”, “Бишарашки” және “Өмір сүруді үйрет” жобаларына түсті. 2025 жылы “Арлан” спорттық драмасында басты кейіпкерді сомдады. Еркебұлан 2021 жылдан бастап кәсіби аралас жекпе-жек жарыстарына қатыса бастаған. Ол OCTAGON лигасында өнер көрсетіп, спорт жанкүйерлерінің назарын аударды. Жекпе-жек әлемінде “Актер” лақап атымен танымал. 2025 жылы OCTAGON ұйымының BMF белбеуін жеңіп алды. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде спорттық дайындығы мен шығармашылығына қатысты жазбалар жариялап келеді.