Алматыдағы 56 мың шаршы метрлік базар сүріліп жатыр: сот шешімі орындалды

Алматыдағы 56 мың шаршы метрлік базар сүріліп жатыр: сот шешімі орындалды
Алматы әкімдігі

Алматыда рұқсат құжаттарынсыз салынған «Жетісу-Семиречье» базарын бұзу басталды. Аумағы 56 мың шаршы метрден асатын нысанға қатысты сот шешімі шыққаннан кейін меншік иесі құрылыстарды өз күшімен бұзуға кіріскен, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданында орналасқан базарды «Статус Construction» ЖШС тиісті рұқсат құжаттарынсыз салған.

Тексеру нәтижесінде заңбұзушылықтар анықталып, меншік иесіне оларды жою туралы нұсқама берілген. Алайда белгіленген талаптар орындалмаған. Осыдан кейін басқарма заңсыз нысандарды бұзу туралы талап арызбен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген.

Алматы қалалық соты бірінші сатыдағы соттың заңсыз нысандарды бұзу туралы шешімін өзгеріссіз қалдырған. Іс материалдары сот актісін орындау үшін Әділет департаментіне жолданған.

Басқарманың хабарлауынша, сот шешімін орындау мақсатында базардың меншік иесі бұзу жұмыстарын өз бетінше бастаған.

Осылайша, тиісті рұқсатсыз салынғаны анықталған ауқымды сауда нысанын бұзу процесі басталды. Қазіргі уақытта басқарма ұсынған ақпаратта жұмыстардың аяқталу мерзімі нақтыланбаған.