Алматыда жаңа туған қыздың денесінен салмағы 2 келі ісік алынды

Алматыда жаңа туған қыздың денесінен салмағы 2 келі ісік алынды
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Telegram

Алматыда дәрігерлер салмағы шамамен 2 келі болатын тератомасы бар жаңа туған қызға күрделі ота жасап, ісікті алып тастады, деп хабарлайды ult.kz.

Сәби 18 тамызда салмағы 4 келіден асатын күйде, сегізкөз-құйымшақ аймағындағы ірі түзіліспен дүниеге келген. Тератома жүктіліктің 20-аптасында анықталған. 34-аптада анасына кесарь тілігі жасалып, нәресте Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген.

Сәби туғаннан бірнеше сағат өткен соң реанимацияға жатқызылып, келесі күні хирургтер екі сағаттан астам уақытқа созылған ота жасаған. Ісіктің салмағы шамамен 2 келі болған, яғни нәрестенің туған кездегі салмағының жартысына жуық.

Дәрігерлер операциядан кейін бірден пластикалық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Қазір баланың жағдайы жақсы, жақын күндері үйіне шығарылады.

«Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі оталардың бірі болды. Ота сәтті өтті. Ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластика жасалды. Қазір баланың жағдайы жақсы», – деді орталық бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.

Нәрестенің анасы Аяжан жүктіліктің 20-аптасында тератома анықталғанын айтып, қызын аман алып қалған дәрігерлерге алғысын білдірді.

Айта кетейік, жыл басынан бері аталған орталықтың жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 сәби жеткізіліп, 72-сіне хирургиялық ем жүргізілген.