Алматыда иесіз ғимарат маңынан қару-жарақ салынған күмәнді қап табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан жеке секторлардың бірінде тұрғындарды алаңдатқан оқиға тіркелді. Иесіз қалған ғимараттың маңынан табылған күмәнді қаптың ішінде қару-жарақ болғаны анықталды
Полиция қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, қапқа тексеру жүргізген. Оның ішінен «Сайга» ойық ұңғылы карабиніне ұқсас қару, оған арналған 10 оқ-дәрі, сондай-ақ тапанша мен оған тиесілі 4 патрон табылып, тәркіленді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, барлық қару мен оқ-дәрілер сот-баллистикалық сараптамаға жолданған. Сараптама нәтижесінде олардың техникалық сипаттамасы мен қолданылу мүмкіндігі анықталады.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары тәркіленген қарудың иесін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, оның бұрын қандай да бір қылмыстық оқиғаларда пайдаланылған-пайдаланылмағаны және не себепті иесіз ғимарат маңына тасталғаны тексерілуде.
Аталған дерек бойынша кешенді жедел-іздестіру және тергеу шаралары жалғасып жатыр. Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеді.