Алматыда 16 қабатты тұрғын үйдің 9-қабатындағы пәтерден өрт шығып, 127 адам қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды ult.kz.
Төтенше жағдай Бостандық ауданындағы Абай даңғылы бойында орналасқан тұрғын үйде болған. Пәтерде жиһаз өртенген.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жоғары шақырту дәрежесімен жіберілген. Құтқарушылар келген кезде үйдің кіреберісін қою түтін басып қалған.
ТЖМ қызметкерлері дереу тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Оқиға орнында өрт сөндіру жедел штабы құрылып, газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары құтқару және эвакуациялау жұмыстарына жұмылдырылды.
Құтқару жұмыстары кезінде түтін басқан аумақтан баспалдақ арқылы 42 адам шығарылды. Тағы 85 адам құтқару қалпақтарының көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді. Олардың арасында 4 бала бар.
Өрт жедел түрде сөндірілді. Зардап шеккендер туралы ақпарат нақтылануда.