Қазақстанда мефедрон өндірумен және таратумен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы Ресейден экстрадицияланды. Тергеу дерегінше, оның нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жұмыс істеген. Зертханалардың бірінде екі адам химиялық заттардан уланып, көз жұмған, деп хабарлайды ult.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті 2021 жылдан бастап қаржылық қиындыққа тап болған адамдарды қылмыстық әрекетке тартқан. Топ мүшелері психотроптық заттарды өндіру, тасымалдау, орау және тарату жұмыстарымен айналысқан. Олардың әрекеттері Telegram арқылы үйлестірілген.
2024 жылы ұйымдастырушының нұсқауымен Алматыда бірнеше есірткі зертханасы жабдықталған. Екі қатысушының қаза тапқанына қарамастан, топ жаңа адамдарды тартып, заңсыз әрекетін жалғастырған.
2024 жылғы 19 қыркүйекте полиция зертханалардың бірінің жұмысын тоқтатты. Тінту кезінде 24 келіден астам химиялық зат, жабдықтар, қорғаныш құралдары және дайын өнім тәркіленген.
Күдікті 2025 жылғы шілдеде Ресейде ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр.
Оған тағылған айыптар бойынша мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.