Алматының Алмалы ауданында интимдік қызмет көрсетілген деген күдікпен екі нысан анықталды. Боди-салон ретінде жұмыс істеген бұл орындар полицияның назарына іліккен, деп хабарлайды ult.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, күмәнді нысандардың бірі Чайковский көшесіндегі үйден, екіншісі Төреқұлов көшесіндегі көпқабатты үйден анықталған. Әр мекенжайда екі қыздан болған.
Полицияға жеткізілген төрт қыздың барлығы Алматыға басқа өңірлерден келген. Олардың арасында Қарақалпақстан азаматы да бар. Төрт қыз Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Қазір олардың жеке басы анықталып, өзге құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция мұндай қызметке үй-жай берген меншік иелерінің де әрекетіне құқықтық баға берілетінін ескертті.
«Мұндай қызметке жай берген тұрғын үй иелері де назардан тыс қалмайды. Олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі. Тексеру нәтижесі бойынша заңда қарастырылған шаралар қабылданады», – деп хабарлады полиция департаменті.
Қазір екі мекенжайға қатысты тексеру жалғасып жатыр. Меншік иелерінің жауапкершілігі мен нысандардың қызметіне қатысты түпкілікті шешім тексеру нәтижесіне қарай қабылданады.