Алматыда жұмбақ жағдайда қаза тапқан 61 жастағы ер адамның көршілері марқұмның жалғыз тұрғанын, ешкіммен араласпағанын айтады. Көпқабатты үйдің бейнекамерасына ер адамның денесін пакетке салып, иығына көтеріп алып шыққан сәт түсіп қалған, деп хабарлайды ult.kz.
«7 арна» мәліметінше, күдікті бейнежазбаны алғаш болып көршілердің бірі байқаған. Ол пошта жәшігінің жоғалған кілтін іздеп, камера жазбаларын қараған. Көршілердің айтуынша, белгісіз адамдар 29 қыркүйекте пәтерге кіріп, келесі күні ер адамның денесін алып шыққан.
Тұрғындар марқұмның ұзақ жыл бойы осы пәтерде тұрғанын, күн сайын дүкенге ғана барып, тыныш өмір сүргенін айтады. Сондай-ақ олар бұған дейін белгісіз адамдардың кіреберісті тексеріп жүргенін, кейін марқұмның пәтері сатылғаны туралы хабар естігенін жеткізді.
Алматы полициясы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен төрт адамның ұсталғанын растады. Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қуатбек Науатовтың айтуынша, тергеу барысында күдіктілердің марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы бар-жоғы да анықталып жатыр. Төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Істі тергеу үшін Ішкі істер министрлігі арнайы жедел-тергеу тобын құрды. Тергеу министрдің жеке бақылауында.