Алматы мен Астана халықаралық QS Best Student Cities 2027 рейтингінде өз көрсеткіштерін жақсартып, Қазақстанның жоғары білім беру саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтты, деп хабарлайды ult.kz.
Биылғы рейтингте Алматы 13 сатыға көтеріліп, әлем бойынша 78-орынға жайғасты. Бұл – Қазақстан қалаларының QS Best Student Cities рейтингіне қатысу тарихындағы ең жоғары нәтиже әрі Орталық Азиядағы үздік көрсеткіш. Ал Астана 8 сатыға жоғарылап, 119-орыннан көрінді.
QS Quacquarelli Symonds халықаралық агенттігі әзірлейтін рейтинг қалаларды алты негізгі критерий бойынша бағалайды. Олар – университеттердің академиялық беделі, қаланың тартымдылығы, түлектердің еңбек нарығындағы сұранысы, білім алу мен өмір сүрудің қолжетімділігі, студенттік қауымдастықтың халықаралық әртүрлілігі және студенттердің пікірлері. Биыл зерттеуге әлемнің 150 қаласы енген.
Алматының көрсеткішінің жақсаруына қаладағы жоғары білім беру жүйесінің дамуы ықпал етті. Қалада QS World University Rankings 2027 рейтингіне енген тоғыз университет орналасқан. Соның нәтижесінде Алматы «университеттердің рейтингтердегі нәтижелері» көрсеткіші бойынша әлемде 50-орынға көтерілді.
Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – жоғары білімнің қолжетімділігі. Оқу ақысы мен өмір сүру шығындарының қолжетімділігі бойынша Астана әлемде 9-орынға, Алматы 24-орынға ие болды. Бұл көрсеткіштер қазақстандық қалалардың шетелдік студенттер үшін қаржылық тұрғыдан тартымды бағыттардың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Сонымен қатар, рейтингте студенттік қауымдастықтың халықаралық әртүрлілігі көрсеткіші де жақсарған. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемнің түрлі елдерінен келетін жастар арасында сұранысының артып келе жатқанын аңғартады.
Мамандардың пікірінше, Алматы мен Астананың QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі жоғарылауы Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің артып, елдің жаһандық білім беру кеңістігіндегі орнының нығайып келе жатқанын көрсетеді.