Қостанай облысында алғаш рет ат спортының төзімділікке арналған халықаралық Allur Endurance CUP 2026 турнирі өтті. Жарысқа бес елден 36 шабандоз қатысып, жүлделі жеті орынның барлығын қазақстандық спортшылар жеңіп алды. Бас жүлде Қостанайдағы Allur зауытында шығарылған Chevrolet Cobalt автокөлігі болды.
Ғасырлар бойы жылқы ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған Қазақстан бүгінде заманауи ат спортының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Соның жарқын үлгісі – Республика күні қарсаңында қазақстандық Allur автомобиль компаниясының қолдауымен өткен Allur Endurance CUP 2026 турнирі.

Фото: Allur
Жарысқа Қазақстан, Венгрия, Сирия, Ұлыбритания және Малайзия елдерінің өкілдері қатысты. Спортшылар FEI халықаралық стандарттарына сәйкес CEI 1* санатындағы 100 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Жарыстың өту барысын Біріккен Араб Әмірліктерінен келген төрешілер қадағалады.
Төзімділікке арналған ат жарысы – жылдамдық жеңістің жалғыз шарты болып саналмайтын ерекше спорт түрі. Шабандоз жүктемені дұрыс бөле білуі, жылқының жағдайын сезініп, бүкіл қашықтық бойы оның денсаулығын бақылауы қажет. Бұл қасиеттер қазақтың дәстүрлі атқа міну мәдениетін де ерекшелендіреді.
Allur компаниясы үшін мұндай жарыстарды қолдау – отандық жылқы шаруашылығын дамытуға, ат спортын кеңінен насихаттауға және ұлттық мұраны сақтауға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Компания жекелеген спорттық іс-шараларды қолдаумен ғана шектелмей, қазақстандық шабандоздар мен отандық жылқы тұқымдарының халықаралық аренада лайықты өнер көрсетуіне мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыруға үлес қосуды көздейді.
«Қазақстан үшін жылқы – тарихтың бір бөлігі ғана емес. Бұл – сақтап қана қоймай, дамытуға тиісті ұлттық байлығымыз. Бізде бірегей жылқы тұқымдары, талантты спортшылар және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер бар. Біздің міндетіміз – осы мұраны заманауи халықаралық стандарттармен ұштастыру. Сондықтан Allur ат спортын қолдауды ұзақ мерзімді жұмыс ретінде қарастырады. Қазақстанның әлемге тек бай ат спорты дәстүрлерінің отаны ретінде ғана емес, мықты спортшылары мен дамыған жылқы шаруашылығы бар ел ретінде танылғанын қалаймыз», – деді Allur зауытының атқарушы директоры Арғұлан Майқонов.
Турнирдің Қостанай және адай жылқы тұқымдарын дамыту үшін де маңызы зор. Халықаралық жарыстар олардың төзімділігін көрсетуге, отандық жылқы өсірушілердің мүмкіндіктерін кеңейтуге және спортшылардың шетелдік жарыстарға қатысу үшін қажетті біліктілікке ие болуына жол ашады.
«Біз бұл жарыстарды ең алдымен отандық жылқы шаруашылығын дамыту және сақтау мақсатында өткіземіз. Қостанай облысының атынан жергілікті тұқымды жылқылар мен олардың будандарының қатысуы біз үшін ерекше маңызды. Allur компаниясының қолдауының арқасында халықаралық деңгейдегі жарыстар өткізіп, спортшыларымыз бен жылқы өсірушілерімізге жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз», – деп атап өтті Qostanai Argymagy қорының директоры Алтай Бимен.
Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын шетелдік қонақтар да атап өтті. Бала кезінен ат спортымен айналысып келе жатқан венгриялық шабандоз Орхидея Михок Қостанайға алғаш рет келіп, қазақстандық спортшылардың дайындығына жоғары баға берді.
«Қашықтыққа жүгіру жарыстарында шабандоз бен жылқы арасындағы өзара түсіністіксіз нәтижеге жету мүмкін емес. Жарыс басталмас бұрын жылқының мінезін сезініп, онымен байланыс орнату мен үшін маңызды болды. Сондай-ақ қазақстандық шабандоздардың қаншалықты мықты әрі төзімді екенін көрдім. Мұнда табиғат керемет, атмосферасы да ерекше», – деді спортшы.
Турнирдің басты нәтижесі – қазақстандық шабандоздардың сөзсіз жеңісі. Олар жүлделі жеті орынның барлығын иеленді. Ең үздік нәтижені Маңғыстау облысының өкілі көрсетіп, Қостанайда шығарылған жаңа Chevrolet Cobalt автокөлігінің кілтін Арғұлан Майқоновтың қолынан алды. Қалған жүлдегерлер ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Фото: Allur
Allur Endurance CUP 2026 турнирі Қазақстанда халықаралық деңгейдегі ат спортын дамытуға қажетті әлеуеттің бар екенін көрсетті. Оның қатарында мықты спортшылар, бірегей жылқы тұқымдары және бай ұлттық дәстүрлер бар. Ал отандық бизнестің осындай бастамаларға жүйелі түрде қолдау көрсетуі ұлттық мұраны нақты спорттық жетістіктерге айналдырып, өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

Фото: Allur