Алаяқтарға аккаунт сатқан 150 адам ұсталды: 22 мың SIM-карта тәркіленді

Алаяқтарға аккаунт сатқан 150 адам ұсталды: 22 мың SIM-карта тәркіленді
Polisia.kz

Қазақстанда интернет-алаяқтық 21%-ға азайғанымен, қылмыстық схемаларға қатысушылар әлі де анықталып жатыр. Жыл басынан бері 150-ден астам «активатор» ұсталып, олардан 22 мыңнан астам SIM-карта тәркіленген, деп хабарлайды ult.kz.

ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың мәліметінше, интернет-алаяқтық деректері 19 мыңнан 15 мыңға дейін төмендеген. Сонымен қатар жыл басынан бері 90 миллионнан астам алаяқтық қоңырау бұғатталған.

«Активаторлар» мессенджер аккаунттарын өз атына тіркеп, алаяқтарға береді. Ал дроптар банк карталары мен шоттарын қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланады.

Қыркүйекте Түркістан облысында осындай схемалардың біріне қатысы бар топтың әрекеті тоқтатылды. Топ Өзбекстанның 27 азаматын тартып, олардың атына банк шоттарын ашқан.