Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін депутаттық сауал жолдады

Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін депутаттық сауал жолдады
Құрылтай баспасөз қызметі

«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі, Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында бірқатар шара қабылданып, жауапкершілік күшейтілген. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып келеді.

Ол соңғы айларда қоғамды дүр сілкіндірген екі жағдайды мысалға келтірді. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова пышақ жарақаттарынан қаза тапса, 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауаованы бұрынғы жұбайы өлтірген.

Осыған байланысты депутат қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге мүмкіндік беруі керек екенін атап өтті.

Айжан Аймағанова қандай ұсыныстар айтты?

Депутат Ішкі істер министрлігіне үш ұсыныс жолдады:

  • «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасы. Жобаны жекелеген өңірлерде әзірлеп, сынақтан өткізу;
  • Бірыңғай алгоритм енгізу. Қауіп туралы белгі түскен кезде полиция қандай шаралар қабылдауы керектігін нақты айқындау;
  • Цифрлық тіркеу жүйесін қолдану. Әрбір қауіп сигналы мен оған байланысты қабылданған шараларды автоматты түрде тіркеп, кімнің, қашан және қандай әрекет жасағанын бақылау.

Депутаттың пікірінше, бұл үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері бар.

Айжан Аймағанова қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға шақырды.