Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуында Айбек Арқабайұлы Дәдебайды Құрылтай төрағасы қызметіне ұсынды. Оның кандидатурасын Құрылтай депутаттары қолдады, деп хабарлайды ult.kz.
Президент Құрылтайдың басшылық құрамын жасақтау жаңа Конституцияға сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті. Конституцияның 57-бабына сәйкес, Құрылтай төрағасының кандидатурасын Президент ұсынады.
«Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Дәдебайдың білімді, отаншыл әрі адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдегенін айтып, оны бұл қызметке лайық деп санайтынын жеткізді.