Абай облысының Бородулиха ауылында 20 жастағы Дильназ есімді қыз қаза тапты. Марқұмның әкесінің айтуынша, қызға бұрын кездескен жігіті бірнеше рет пышақ сұғып, аса қатыгездікпен өлтірген, деп хабарлайды ult.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 13 тамызға қараған түні болған. Әкесінің сөзінше, Дильназ сол күні сыныптасымен бірге ауыл ішінде серуендеп жүрген. Кейін ол бұрынғы жігітімен кездесуге барған.
Марқұмның әкесі күдіктінің тергеу барысында қыздың өзіне хабарласқанын, кейін екеуінің ауыл шетінде кездескенін айтқанын жеткізді. Сөзге келген кезде қыз жігітті ұрған, ал күдікті оған жауап ретінде күш қолданған. Дильназ жағдайдың ушығып бара жатқанын түсініп, оқиға орнынан кетуге тырысқан.
Алайда әкесінің айтуынша, күдікті қыздың соңынан қуып жетіп, қалтасынан бәкісін шығарған. Ол пышақпен қорқытпақ болғанын айтқанымен, кейін қызға бірнеше рет пышақ сұққан.
Әкесінің мәлімдеуінше, Дильназға барлығы 12 рет пышақ жарақаты салынған. Кейбір жарақаттардың тереңдігі 7,7 сантиметрге дейін жеткен. Күдікті қызды шамамен 32 метр жерге сүйреп апарып, кейін оның сырт киімі мен телефонын алып, орманға тастап кеткен деген дерек бар.
Сараптамаға сәйкес, қыз шабуылдан кейін біраз уақыт тірі болған. Күдікті кейін үйіне барып, киімдері мен қылмыс жасауға пайдаланған пышақты даладағы әжетханаға тастаған.
Дильназдың әкесі қыздың отбасыдағы жалғыз перзент болғанын айтты. Ол Шәкәрім университетінде тарих және география мамандығы бойынша білім алып, екінші курсты аяқтап, үшінші курсқа өткен.
Әкесінің сөзінше, Дильназ бен күдікті бұған дейін кездесіп жүрген.
Абай облысы полиция департаментінің мәліметінше, 20 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталған. Қылмыстық іс материалдарымен процеске қатысушылар танысып жатыр. Бұл рәсім аяқталғаннан кейін іс заңда белгіленген тәртіппен сотқа жолданады.
Марқұмның әкесі істің саралауына қатысты да сұрақтары бар екенін айтып, қылмысты аса қатыгездікпен жасады деген бап бойынша құқықтық баға берілуін күтіп отырғанын жеткізді.