600 келі қарасора: Жамбылда үш күдікті қылмыс үстінде ұсталды

600 келі қарасора: Жамбылда үш күдікті қылмыс үстінде ұсталды
ашық дереккөз

Жамбыл облысында полицейлер 600 келіге жуық есірткі затын тәркіледі. Үш күдікті есірткі құрамдас өсімдіктерді жинап жатқан жерінен ұсталған, деп хабарлайды ult.kz.

«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жедел-іздестіру шараларын жүргізген. Операцияға ІІМ-нің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті, Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінің «Бүркіт» арнайы жасағы және полицияның кинологиялық орталығының қызметкерлері жұмылдырылған.

Есірткі заттарын іздеуге Letta есімді қызметтік ит те тартылған.

Полицияның мәліметінше, Т. Рысқұлов ауданындағы Қонаев ауылының маңындағы құмды алқапта үш ер адам ұсталған. Олар есірткі құрамдас өсімдіктерді аса ірі мөлшерде заңсыз жинады деген күдікке ілінген.

Аумақты тексеру кезінде жалпы салмағы 595 келі 440 грамм есірткі заттары мен құрамында есірткі бар өсімдіктер тәркіленді. Сонымен қатар өсімдіктерді жинауға пайдаланылуы мүмкін үш орақ табылған.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу жалғасып жатыр.