40 млрд теңгенің есірткісі: Қарағанды облысында ірі зертхана әшкереленді

40 млрд теңгенің есірткісі: Қарағанды облысында ірі зертхана әшкереленді

Қарағанды облысында мефедрон өндіретін ірі есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды. Полиция трансұлттық қылмыстық топтың екі мүшесін ұстады, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 48 жастағы күдікті топтың ұйымдастыру мәселелеріне жауап берсе, 28 жастағы азамат зертхананың жұмысын үйлестіріп, жаңа қатысушыларды дайындаған.

Тінту кезінде 50 тонналық өнеркәсіптік цистерна, екі ірі ыдыс, канистрлер мен ұнтақ тәрізді заттар салынған 10 қап тәркіленді. Цистернадан алынған сынамадан 1 келі 723 грамм мефедрон анықталған.

Алдын ала есеп бойынша, зертханада дайын өнімнің көлемі 2 тоннаға дейін, яғни шамамен 2 млн бір реттік дозаға жетуі мүмкін. Оның қара нарықтағы болжамды құны 40 млрд теңгеге дейін бағаланып отыр.

Екі күдікті де қамауға алынды. Қазір шикізаттың жеткізілу арналары мен қылмыстық топтың өзге де қатысушылары анықталып жатыр.