Журналист Руслан Өтепбай Ақтөбе облысында орналасқан, Рахат Сәрсенов 30 жылға жуық еңбек еткен қожалыққа барып, оқиғаның мән-жайын зерттеді, деп хабарлайды ult.kz.
Рахат Сәрсеновтің айтуынша, ол аталған қожалыққа 1994 жылы жылқышы болып жұмысқа орналасқан. Осы уақыт ішінде ауыр еңбек жағдайында қызмет атқарып, түрлі жарақат алғанын айтады. Оның сөзінше, жұмыс барысында бас бармағынан айырылып, қабырғасы сынып, денсаулығына елеулі зиян келген. Соған қарамастан, «қожалыққа да, Тәжіғалиға да адал қызмет еттім» дейді.
Бұған дейін Рахат Сәрсенов өзінің негізсіз айып тағылғанын, қамауда болғанын және қазіргі таңда жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, бұл жағдай бұрынғы жұмыс берушісі Тәжіғали Есеновпен арадағы даудан кейін туындаған.
Журналист Тәжіғали Есеновтің де ұстанымын білу үшін өзімен бірнеше мәрте хабарласуға әрекет жасағанын, алайда әзірге жауап ала алмағанын айтты. Сонымен қатар, егер ол пікір білдіруге ниет танытса, оның уәжі де толық көлемде жарияланатынын жеткізді.
БҰҒАН ДЕЙІН НЕ БОЛДЫ?
Рахат Сәрсенов бұған дейін өзіне тағылған айып бойынша сот шешімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда кейінірек апелляциялық саты істі қайта қарап, жаза мерзімін қысқартқан. Оның айтуынша, ол түзеу мекемесінде екі ай екі күн болып, кейін бостандыққа шыққан.
Рахат Сәрсенов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтып, істің әділ тергелмегенін алға тартады. Ал құқық қорғау органдары мен сот қабылдаған шешімдер заң аясында жүзеге асырылғанын мәлімдеген.
Қазіргі уақытта Рахат Сәрсенов бұрынғы жұмыс берушісімен арадағы азаматтық-құқықтық дауға байланысты жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупіне тап болғанын айтып отыр. Бұл мәселеге қатысты түпкілікті құқықтық бағаны сот пен уәкілетті органдар береді.