3 млрд теңге бөлінді: Үкімет Алакөлдегі жағалау мәселесін шешуге кірісті

3 млрд теңге бөлінді: Үкімет Алакөлдегі жағалау мәселесін шешуге кірісті
gov.kz

Үкімет Жетісу облысындағы Алакөл көлінің жағалауын шайылудан қорғауға арналған бөгет құрылысына 3 млрд теңге бөлді. Қаржы Мемлекет басшысының су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет резервінен қарастырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Бөлінген қаражаттың есебінен ұзындығы 6 шақырым болатын қорғаныс бөгеті салынады. Оның 2,5 шақырымы Көктұма ауылында, ал 3,5 шақырымы Ақши ауылында орналасады.

Жоба бұған дейін де кезең-кезеңімен іске асырыла бастаған. 2025 жылы ұзындығы 1,7 шақырым учаскеде жағалауды нығайту, жер қазу, бетон құю және габион құрылымдарын орнату жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының шамамен 25 пайызы орындалған.

Жобаны толық іске асыру Алакөл жағалауының одан әрі шайылуын тоқтатуға, көлдегі шөгінділердің табиғи қозғалысы мен қайта бөліну процесін сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қорғаныс инфрақұрылымы өңірдің туристік әлеуетін арттырып, демалушылар мен жергілікті тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.

Үкіметтің мәліметінше, соңғы екі жылда Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық құрылыстар салынып, нығайтылған.

Үкімет су және туристік инфрақұрылымды дамытуға, табиғи ресурстарды сақтауға және өңірлердің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаларды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін Алакөл мен Қапшағайдағы қауіпсіздікті жасанды интеллект жүйесі бақылайтыны хабарланған болатын.