290 млн теңге салықтан жалтарған азамат Ресейден ұсталып, елге жеткізілді

290 млн теңге салықтан жалтарған азамат Ресейден ұсталып, елге жеткізілді
Фото: freepik

Қазақстандық кәсіпкер 290 млн теңгеден астам салықты төлеуден жалтарғаны үшін халықаралық іздеуге жарияланған, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстанға аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген азамат Ресейден экстрадицияланды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.

Тергеу дерегінше, күдікті 2022-2023 жылдары коммерциялық ұйымның директоры қызметін атқарып, кірістер декларациясына бұрмаланған мәліметтер енгізген. Соның салдарынан мемлекетке 290 млн теңгеден астам салық төленбеген.

Қылмыстан кейін күдікті тергеу органдарынан жасырынған. Осыған байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл қаңтарда азамат Ресейдің Краснодар қаласында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге қайтарылды.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалған.

Егер оның кінәсі сотта дәлелденсе, үш жылға дейін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекетке 1 млрд теңге көлемінде залал келтірді деген күдікті де Ресейден Қазақстанға экстрадицияланған болатын.