2,5 млрд теңге жымқыру ісі: Вьетнамда ұсталған күдікті Қазақстанға экстрадицияланды

2,5 млрд теңге жымқыру ісі: Вьетнамда ұсталған күдікті Қазақстанға экстрадицияланды
pexels.com

Вьетнам Социалистік Республикасынан Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Сот сараптамалары орталығы» РМК қызметінде мемлекеттік сатып алулар кезінде 2,5 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген азамат Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, 2023–2025 жылдарға арналған Есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, күдікті орталықтың бұрынғы директоры Сатыбалдиев Р.К., Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Искендерова Д.Б. және «Марк Инвест» ЖШС мен «Direct Services» ЖШС басшысы Шинтемирова А.А.-мен алдын ала сөз байласып, сатып алынатын жабдықтардың бағасын үш есеге дейін негізсіз көтеріп, жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы бюджет қаражатын жымқыру схемасын ұйымдастырған.

Сот үкімімен Сатыбалдиев Р.К., Искендерова Д.Б. және Шинтемирова А.А. кінәлі деп танылып, олардың мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ әрқайсысына 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Істі ұйымдастырды деген күдікті 2025 жылғы наурызда халықаралық іздеуге жарияланып, соттың санкциясымен сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Биыл ол Вьетнам аумағында ұсталды.

Қаржылық мониторинг агенттігі, Интерполдың Ұлттық орталық бюросы және Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жүргізген бірлескен жұмыстардың нәтижесінде күдікті Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданған. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанға World Business Consulting қаржы пирамидасы ісі бойынша күдікті де экстрадицияланған болатын.