19 жаста көз жұмған келіншектің қазасына қатысты жаңа мәлімет шықты

19 жаста көз жұмған келіншектің қазасына қатысты жаңа мәлімет шықты
Коллаж: видеодан кадр

Жамбыл облысында қаза болған 19 жастағы Мадина Рашидқызына қатысты көршісі пікір білдірді. Ауыл тұрғынының сөзі жазылған видеоны журналист Айгерім Таубай жариялаған, деп хабарлайды ult.kz.

Көршісінің айтуынша, Мадина мен күйеуі алғашында тату-тәтті өмір сүрген. Алайда кейін жас келіннің мінез-құлқында өзгеріс байқалған.

«Екеуі қол ұстасып жүретін. Келіннің құрбысы келіп, қонып жүрді. Содан кейін келіннің мінезі де, түрі де басқаша бола бастады. Еліктеді ме… Бала тапса да, балалығын қоймаған жас келін ғой», – деді ауыл тұрғыны.

Мадина Меркі ауданында шамамен екі жыл тұрған. Ол Өзбекстан азаматы болған және Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан. Марқұмның артында сегіз айлық сәбиі қалды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Мадинаның құрбысына жазған хат-хабарлары тараған еді. Онда жас келін күйеуімен жиі жанжалдасатынын және оның өзіне қол көтергенін жазған. Сондай-ақ хаттардың бірінде ерлі-зайыптылар арасындағы соңғы жанжалдың «Барни» тәттісіне байланысты болғаны айтылған.

Мадина кейін жеке заттарын жинап, күйеуінен кетіп, ажырасқысы келетінін құрбысына жеткізген.

Оқиғаға байланысты Жамбыл облысының полициясы «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Ал марқұмның туыстары оның өліміне күмән келтіріп, істің барлық мән-жайын жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.