Жамбыл облысында 19 жастағы Мадина Рашидқызының қазасына қатысты қоғамда түрлі пікір айтылып жатыр. Осы жағдайға Жан Ахмадиев те үн қатып, марқұмды негізсіз айыптауға болмайтынын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Мадинаның жеке өміріне қатысты болжамдардың тарауына қарсылық білдірді.
«Мадинада көңілдес болды ма? Мадиярды қорғайтындар келсе — қорғандар. Бірақ ол үшін өмірден өткен Мадинаны қаралаудың қажеті жоқ! Ол енді өзіне жауап бере алмайды. Шындықты тергеу мен сараптама анықтасын. Ал Мадинаның аруағын қорлауға жол бермейміз!» – деп жазды Жан Ахмадиев.
Айта кетейік, Мадина Меркі ауданында екі жылға жуық уақыт тұрған. Ол Өзбекстан азаматы болған және Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққан. Марқұмның сегіз айлық сәбиі қалған.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Мадинаның құрбысына жазған хаттары тараған еді. Хабарламаларда жас келіннің күйеуімен жиі ұрысатыны және одан таяқ жегені айтылған. Сондай-ақ хаттардың бірінде ерлі-зайыптылар арасындағы соңғы жанжалдың «Барни» тәттісіне қатысты болғаны жазылған.
Мадина кейін күйеуінен кетіп, ажырасуға ниетті екенін құрбысына айтқан. Ол жеке заттарын жинап, үйден кеткен.
Оқиғаға байланысты Жамбыл облысының полициясы «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған.
Ал марқұмның жақындары оның өліміне күмән келтіріп, істің барлық мән-жайын толық әрі жан-жақты тексеруді талап етіп отыр.