Бүгiн ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ҚР Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті мүшелерімен кездестi. Baq.kz тiлшiсiнiң хабарлауынша, кездесу барысында Сенат депутаттары министрге «экономика дамып, көрсеткiштер жақсарып жатыр дейсiздер, онда нелiктен бағалар жылдан-жылға шарықтап барады?» деп сұрақты төтесiнен қойды. Сенаторлар бұны халықа күрделендiрмей, қарапайым тiлмен түсiндiрудi сұрады.
«Өткен жылдың 1 қазанынан бастап биылғы 1 қазанға дейiн инфляция деңгейi 16 пайыздан асып отыр. Ал 1 қаңтардан 1 қазанға дейiн инфляция 5,6 пайызды құрады. Бұл өткен жылдың қазан, қараша, желтоқсан айларында баға ең көп өскен дегендi бiлдiредi. Олар бiздiң 8 айдың инфляциясының көрсеткiшiне кiрмей, өткен жылда қалып кеттi. Дегенмен, өткен жылғы 1 қазаннан биылғы 1 қазанға дейiн инфляция деңгейi 16 пайызға жеттi. Оны бiз мойындап отырмыз. Былтырғы жылдың соңында инфляция деңгейi жоғарылағанымен, биыл баға тек 5,6 пайызға қымбаттады. Теңге бағамының өзгеруiне байланысты, импортталған тауарлардың көбiнiң, дәрi-дәрмектiң бағасы өстi. Солай түсiндiруге болады, әрине бұл макроэкономикалық жағынан техникалық жауап. Оны қарапайым тiлмен түсiндiру қиындау болады», - дедi Қ.Бишiмбаев.
Атап өтсек, бүгiнгi кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» тақырыбындағы жолдауын іске асыру шеңберінде экономикалық бәсекелестік және монополияға қарсы реттеуді ынталандыру жөніндегі заңнамалық бастама мәселелері талқыланды.
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.