Қостанайда тұрғын үй құрылысына азаматтардан заңсыз ақша тартқан құрылыс компаниясының басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің мәліметінше, компания директоры қажетті рұқсаты болмаса да, 2022 жылдың сәуірінен 2024 жылдың қарашасына дейін азаматтармен пәтер сатып алу туралы шарттар жасап, 123 млн теңгеден астам қаржы жинаған. Құрылысты аяқтау мүмкін еместігін біле тұра, ақша қабылдауды жалғастырған.
Нәтижесінде ондаған отбасы баспанасыз қалған. Сот процесі кезінде жәбірленушілерге келтірілген шығын толық өтелді.
Сот компания басшысын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар, ол 5 жыл бойы құрылыс ұйымдарында басшылық қызмет атқара алмайды.
Прокуратура тұрғын үйге ақша салмас бұрын құрылыс салушының қажетті рұқсаттары мен қаражат тарту заңдылығын тексеруге шақырды.