Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде қазақстандық медицина күндері басталды.
19-20 желтоқсан аралығында өтетін бұл шара ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі О.А. Әбішев бастап барған қазақстандық делегацияның құрамындағы 30-дан астам жетекші медициналық клиникалардың, бейінді медициналық ұйымдардың, фармацевтикалық өндірушілердің, медициналық ЖОО-лардың, Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы консалтинг компаниялардың және ІТ өкілдерінің қатысуымен өтеді, - деп хабарлайды А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының баспасөз қызметі.
Бұл шараның басты мақсаты — екі елдің денсаулық сақтау жүйелерінің арасындағы серіктестікті нығайту, медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылын ұлғайту, тәжірибе және білім алмасу.
Форумға қатысатын қазақстандық жетекші медициналық ұйымдардың қатарында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы да бар.
Тәжікстандағы қазақстандық медицина күндеріне А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығынан басқарма төрағасы, профессор Баймаханов Болатбек Бимендеұлы және орталықтың басқа да жоғары санатты дәрігерлері қатысады. Аталмыш ұйымның жетекші мамандары шеберлік сабақтарын өткізіп, Тәжікстан азаматтарына тегін медициналық кеңес беретін болады.
Форум аясында ұйымдастырылатын медициналық көрмеде Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы жетістіктері, реформалары және практикалық медицина пайдаланып жүрген инновациялары мен жаңа технологиялары таныстырылады.