03 сәу, 2026 сағат 18:39

Ұлытау облысы Қазақстан бойынша жалақы деңгейі бойынша ТОП-3 аймаққа кірді


Фото: ашық дереккөзден
Ұлытау облысы 2025 жылдың IV тоқсанының қорытындысы бойынша орташа айлық жалақы деңгейі жоғары аймақтардың қатарына енді. Аймақ тұрақты түрде жалақы деңгейі бойынша ТОП-3 орында болып келеді, бұл экономиканың құрылымы мен өнеркәсіп секторының жоғары үлесін көрсетеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Қазақстан Республикасында орташа айлық номиналды жалақы 473 158 теңгені құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,8%-ға артты.

Ұлытау облысындағы жоғары көрсеткіштердің көп бөлігі дамыған тау-кен өндірісімен байланысты, онда жалақы деңгейі дәстүрлі түрде республикалық орта көрсеткіштен жоғары болып келеді. Мысалы, тау-кен секторында орташа жалақы шамамен 978 962 теңге болып, бұл ел бойынша орташа деңгейден екі еседен астам жоғары.

Эксперттердің айтуынша, аймақтағы тұрақты жоғары табыс деңгейі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың қызметімен және инвестициялық жобаларды іске асырумен тікелей байланысты.

Айта кету керек, Ұлытау облысындағы негізгі жұмыс беруші — Қазақмыс Корпорациясы, оның кәсіпорындарында аймақтың еңбекке қабілетті халқының елеулі бөлігі жұмыс істейді. Компания жұмыс орындарын қамтамасыз етіп, тұрақты жалақы деңгейін ұстап тұрады және әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырады.