26 там, 2020 сағат 07:13

Түнгі рейд: Елорда жастары карантин талаптарын елер емес

Елімізде 25 тамыздан бастап «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы басталды. Осыған қарай кеше түнде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері полиция қызметкерлерімен бірге қаланың сол жағалауындағы көңіл көтеру орындарын аралап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түнгі сағат 10-00-де кезекшілікке шыққан қызметкерлерге нақты нұсқаулықтар бергеннен кейін тілшілермен сұхбаттасқан Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мадияр Айтуғанов рейд барысында қоғамдық орындар, дәмхана, мейрамхана сынды көңіл көтеру нысандары тексерілетіндігін айтты.

«Ішкі істер министрінің нұсқаулығына сәйкес, тамыздың 25-29 аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы басталды. Осыған орай Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Ұлттық ұлан жасақтарымен бірігіп және қоғамдастық өкілдерін жұмылдыра отырып, елордада іс-шараларды қолға алды. Басты мақсат - жедел ахуалды сауықтыру, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, жол жүрісі тәртібін қатаң сақтау және карантин талаптарының сақталуын қамтамасыз ету», - деді Мадияр Айтуғанов. 

Карантин талаптары жеңілдетілгенімен түнгі сағат 11-00-де қалада барлық дәмханалар, мейрамханалар, барлар жабылуы тиіс. Сондықтан БАҚ өкілдері тура сағат 11-00-де Есіл аудандық полиция басқармасының ғимаратынан түнгі рейдке аттанды. Алдымен ат басын тіреген орын Тұран даңғылы бойындағы «Астаналық саябақтың» шетінде орналасқан қонақүйдегі көңіл көтеру нысаны болды. Полиция қызметкерлері келгенде ашық даладағы дәмханада отырған жастардың қарасы қалың еді. Алайда олар камера арқалаған журналистер мен полиция қызметкерлерін көргеннен кейін тез арада жиналып, тарауға мәжбүр болды. Ал мейрамхана іші бос болғанымен үш вип-залында туған күн тойлаған жастар ұсталды. Сауран көшесі бойындағы барлардың бірінде де дәл осындай жағдай болды. Бұл барда да жастар емін-еркін кальян шегіп, көңіл көтеріп отырды. 

Полиция қызметкерлері екі нысанда да жастарға коронавирус індеті әлі жойылмағандығын, оның таралу қаупі әлі де жоғары болып тұрғандығын түсіндіріп, айыппұл салды. Аталған орындардың басшылары да айыппұл арқалады. 

Айта кетерлігі, карантиндік режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК - 2778 теңге / 30 АЕК - 83 340 теңге), ал кәсіпкерлік субъектілеріне 230 АЕК-тен (638 940 теңге) жоғары сомаға айыппұл салынады.