31 мам, 2021 сағат 19:10

Теннис: Зарина Дияс Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты


Қазақстандық Зарина Дияс Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Дүниежүзілік рейтингте 93-орында тұрған З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 71-ракеткасы, ұлыбританиялық Хитер Уотсонмен кортқа шықты.

Қарсыластар бұған дейін өзара екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен.

Бірінші партияда Зарина басымдылық танытты – 6:4.

Екінші сетте Х.Уотсон алға кетті – 3:1. Дегенмен қазақстандық теннисші таразы басын теңестіре білді – 4:4. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 7:5.

Тартысты бәсеке 1 сағат 53 минутқа созылды.

З.Дияс екінші айналымда әлемнің 15-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе рейтингте 161-сатыдағы, негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған аустралиялық Сторм Сандерстің біреуімен шеберлік байқасады.

Өткен жылы Франция ашық чемпионатында Зарина Тунис өкілі Онс Жаберге 6:4, 3:6, 1:6 есебімен есе жіберіп, алғашқы айналымнан аса алмаған еді. Биыл О.Жабер тағы бір қазақстандық Юлия Путинцевамен күш сынасады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирін жеңіспен бастағанын, Жібек Құламбаеваның Шымкенттегі турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.