30 мам, 2021 сағат 10:18

Теннис: Парижде Ролан Гаррос турнирі басталады


Бүгін Парижде Ролан Гаррос турнирі басталады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Екі аптаға созылып, 13 маусымда мәреге жететін Франция ашық чемпионатында Қазақстаннан бес теннисші өнер көрсетеді.

Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-інші, осы «Үлкен дулыға» жарысының 21-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін турнирге арнайы шақырту алған, рейтингте 493-орындағы франциялық Эльза Жакмомен кортқа шығады.

Ертең рейтингте 43-сатыдағы Юлия Путинцева әлемнің 26-ыншы, осы доданың 25-ракеткасы болып тіркелген Тунис өкілі Онс Жабермен күш сынасады. Ал рейтингте 93-орындағы Зарина Диястың қарсыласы – әлемнің 71-ракеткасы, ұлыбританиялық Хизер Уотсон.

Өткен жылы пандемияға байланысты кейінге шегеріліп, күзде өткізілген Ролан Гаррос жарысында Е.Рыбакина екінші айналымда франциялық Фиона Ферро, Ю.Путинцева аргентиналық Н.Подороскаға есе жіберген еді. Ал З.Дияс алғашқы айналымда О.Жаберден аса алмаған болатын. 

Ерлер арасындағы осы сында рейтингте 105-орында тұрған қазақстандық Михаил Кукушкин бүгін әлемнің 46-ракеткасы, испаниялық Алехандро Давидович-Фокинамен шеберлік байқасады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик 31 мамыр күні жарыс жолына шығады. Оның қарсыласы – әлемнің 2-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев.

Өткен жылы Франция ашық чемпионатында А.Бублик бастапқы кездесуінде корт иесі Гаэль Монфисті ұтып, сенсация жасағанымен, екінші айналымда италиялық Лоренцо Сонегодан жеңіліп қалды. 

М.Кукушкин де италиялық Фабио Фоньиниді тізе бүктіргенімен, испаниялық Педро Мартинес-Портероға есе жіберген болатын. 

Биыл қазақстандықтар сәтті өнер көрсетсе, көбірек табыс тауып, рейтингте де жоғарылайды.