Фото: Halyqstan Telegram арнасы
Тараз қаласындағы Ұлы Дала шағынауданында 51 жастағы ер адам қайғылы
жағдайда көз жұмды, деп хабарлайды Ult.kz.
Halyqstan Telegram арнасының мәліметіне сәйкес, жедел жәрдем қызметіне оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екені туралы хабар түскен. Куәгерлер ер адамның психоневрологиялық есепте тұрғанын айтқан. Оқиға орнына бірден дәрігерлер мен психиатриялық бригада жіберілді.
Мамандар келген кезде ер адамның бесінші қабаттағы пәтерінде қамалып
отырғаны анықталған. Кейін полиция мен құтқарушылар тартылып, арнайы құтқару
операциясы басталды. Алайда ер адам дәрігерлер мен тәртіп сақшыларының
талаптарына бағынбай, агрессивті мінез танытып, есікті ашудан бас тартқан.
Құтқарушылар автосаты арқылы балконнан кіруге әрекет жасап, төменгі жақта
қауіпсіздік үшін арнайы төсеніштер жайған.
Дегенмен, мамандар балконға жақындаған сәтте ер адам кенеттен секіріп
кеткен. Құтқарушылар оны ұстап үлгергенімен, ауыр жарақат салдарынан ер адам
оқиға орнында көз жұмды.
Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
