Шымкент ТЖД
Шымкент қаласында аурухананы қажетті препараттармен қамтамасыз ететін дәріханада жарылыс болып, күзетші қаза тапты. Алдын-ала мәліметтер бойынша, жарылысқа газдың жиналуы себеп болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Полиция департаменті ұсынған мәліметке сәйкес, бүгін сағат 12:06-да "102"-ге Ғани Иляев көшесіндегі жарылыс туралы хабар түскен.
"Оқиға орнына Шымкент ПД басшылығы, жедел-тергеу тобы мен ТЖД қызметкерлері шықты. Жарылыс салдарынан ауруханааралық 138 дәріхананың ғимараты қирағаны анықталды, онда тұзды ерітінді өндіріледі. Жарылыстан болған өртті ТЖД қызметкерлері толығымен оқшаулады.
Оқиға орнында күзетші қаза болды. Жарақат алған басқа ешкім жоқ", - деп хабарлайды қалалық ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, мекеменің атауы - "Межбольничная 138 аптека" ЖШС. Ол жерде ауруханаларға арналған ем-дом жасалады. Дәріхана перинаталдық орталықтың маңында орналасқан.