03 мау, 2021 сағат 20:41

Ролан Гаррос турнирі: қазақстандық теннисшілер жұптық бәсекелерін сәтті өткізуде


Қазақстандық теннисшілер Ролан Гаррос турнирінде жұптық бәсекелерін сәтті өткізуде, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін бастапқы кездесуін ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге бельгиялықтар Гретье Миннен - Элисон Ван Эйтванкпен өткізді.

Қазақстандық-ресейлік жұп қарсыластарын 6:1, 6:2 есебімен тас-талқан етті.

Олар екінші айналымда аустралиялықтар Сторм Сандерс - Айла Томлянович немесе ресейліктер Екатерина Александрова - Яна Сизикова жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.

Тағы бір ресейлік Варвара Грачевамен жұптасқан Зарина Дияс осының алдында алғашқы айналымда америкалықтар Кейтлин Кристиан - Сабрина Сантамарияны 6:3, 7:5 есебімен тізе бүктірді. Олардың ендігі қарсыластары - Польша өкілі Магда Линетт - америкалық Бернарда Пера.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның жұптық сында екінші айналымға өткенін, Е.Рыбакинаның алғаш рет үшінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.

Ю.Путинцева румыниялық Андреа Митумен бірге екінші айналымда америкалық Никель Меличар - нидерландылық Деми Схюрспен күш сынасады.