27 там, 2019 сағат 12:47

Президент Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен Әнел Сытдықованы құттықтады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен Әнел Сытдықованы құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Спортшы қызымыз Әнел Сытдықова Қазақстанның тарихында тұңғыш рет және әлемде алғашқылардың бірі болып, Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті. Мықты ерік-жігер мен хас шеберліктің керемет үлгісін көрсеттің. Жарайсың, Әнел!», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысының тумасы Әнел Сытдықова  Францияның солтүстігі мен Британия аралдарының оң­түстік-шығысын жалғап жат­қан Ла-Манш бұғазын гидрокостюмсіз жүзіп өтті. Ол 38 шақырымды 15 сағат 15 минутта еңсерген. 

Бірнеше күннен кейін Әнел Алматыға келіп, оны қазақстандықтар әуежайдан күтіп алды.

Бүгінде Ә. Сытдықова отбасымен Англияда тұрады. 9 жыл бұрын түрлі елдерде триатлон жарыстарына қатыса бастады. Нәтижесінде әлемнің ең үздік спортшыларының қатарына енді. Ол мектепті Орал қаласында бітіріп, жоғары оқу орнын Алматыда үздік аяқтаған. Кейін Лондон университетін тәмамдады. Жолдасы Нұрланмен бірге үш баланы тәрбиелеп отыр. Спортшы келіншек «Қазақстанның темір әйелі» титулына ие. Ол Қазақстан әйелдері арасында алғашқы Айронмен (Ironman) және алғашқы Ультрамен (Ultraman). 

Атап өтілгендей, ТМД елдерінде оның жетістігіне әлі ешкім жеткен жоқ.