15 қаң, 2021 сағат 14:03

Әшімбаев: Сенат Президент бастамаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге дайын

Алдағы уақытта сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізілетін болды. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында хабарлады. 

«Бүгін VII шақырылымдағы Парламенттің 1-сессиясы өз жұмысын бастады. Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы жаңартылған депутаттық құрамның алдында тұрған маңызды міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ, елімізде қолға алынған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың әрі қарай жалғаса беретінін нақты атап өтті.

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Президентіміз саяси реформалардың кезекті топтамасын жариялады. Соған сәйкес саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетіледі. Бұл көппартиялықты дамыту жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз. Одан бөлек, сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізілетін болды және әкімдерді сайлау аясын кеңейту үшін тиісті шаралар қабылданады» деп жазды Сенат Төрағасы.

Сондай-ақ ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатымен онлайн-петиция институты заң жүзінде ресімделетінін айтты. Мұндай шара азаматтық қоғамның белсенділігін арттыратыны анық.

New layer...