- «Қазақфильм» АҚ мен «Батыс Қытай фильм» корпорациясы бірлесіп, «Махаббат өткелдері» атты романтикалық комедия жанрында фильм түсірмек, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.
Бұл туралы 23 қараша күні Қытайдың Сиань қаласында өткен Қазақстан-Қытай БАҚ өкілдерінің форумында «Батыс Қытай фильм» студиясының бас менеджері Жау Вентау мәлім еткен.
Қытайлық news.sina.com сайтының хабарлауынша, форумда Жау Вентау үшінші халықаралық "Жібек жолы" кинофестивалі аясында Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ мен "Батыс Қытай киносы" корпорациясы серіктестік туралы меморандумға қол қойылғандығын айтты. Сондай-ақ ол меморандумның екі елдің мәдениет, кино, телевидение саласындағы ынтымақтастығына оң өзгерістер әкелгендігін айта келіп, тараптардың алғашқы бірлескен жобасы «Махаббат өткелдері» фильмін түсіретіндігін айтқан.
Қытайға тиген қазақстандық қыз, фильмнің сценарисі әрі бас кейіпкердің прототипі София Ұшырованың айтуынша, туынды, романтикалық комедия жанрындағы фильм болмақ. Онда, қазақстандық заңгер қызбен қытайлық касіпкер жігіт арасындағы махаббат хикаясы баяндалады.
Айта кетейік, 1958 жылы «Батыс Қытай киносы» кинокомпаниясының негізі қаланды. Ол - Қытайдағы 4 ірі мемлекеттік компанияның бірі. Корпорация халықаралық кинофестивальдерде танымал. Қытайлық киностудияда 1000-нан астам көркем фильм түсіріліп, олар 70-тен астам халықаралық сыйлыққа ие болды.