Мамыр айының соңғы аптасы Қазақстан тұрғындарын құбылмалы ауа райымен қарсы алмақ. Синоптиктердің болжамынша, республика аумағының басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты тұрақсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды ult.kz.
Алдағы күндері елдің бірнеше өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей аймақтарда жауын-шашын күшейіп, бұршақ түсуі мүмкін.
Болжамға сәйкес, 27 мамыр күні Батыс Қазақстанда қатты жаңбыр күтіледі. Ал 27-28 мамыр аралығында оңтүстік, оңтүстік-шығыс және орталық өңірлерде нөсер жаңбыр жауып, екпінді жел соғады. 28 мамырда қолайсыз ауа райы солтүстік пен шығыс облыстарды қамтиды.
Синоптиктер республика бойынша желдің күшеюі мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар, 26-27 мамыр түндерінде елдің шығыс бөлігінде ауа температурасы төмендеп, 2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.
Апта соңына қарай ауа температурасы біртіндеп төмендейді. Күндізгі температура:
батыс өңірлерде +16…+28°C,
солтүстік және орталық аймақтарда +18…+25°C,
шығыста +23…+30°C,
оңтүстікте +20…+27°C шамасында болады.
Мамандар тұрғындарға ауа райының өзгеруіне байланысты сақтық шараларын ұстанып, алыс жолға шығарда синоптиктердің ескертуіне назар аударуға кеңес береді.