17 қыр, 2025 сағат 18:11

Қазақстандық футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды жақсы меңгерген


Фото: egemen.kz

Қазақстандық футбол клубтары қақпаға гол салудан гөрі, қазынаға қол салуды жақсы меңгерген. Бұл туралы сәрсенбіде өткен Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

"Әлемдегі белді доп додасына жолдама алған жалғыз клуб қалғандарына қорған бола алмайды", - деп қынжылған депутат футболшыларға бөлінген қаражаттың соммасын көрсетті.


Депутаттың сөзінше 2025 жылы Премьер-лигада доп тебетін «Ордабасы» футбол клубына 3,2 миллиард теңге бөлінген. «Ақтөбе» футбол клубына 2,1 миллиард теңге, «Қызыл-Жар» клубына 2 миллиард теңге берілген. Жалпы Премьер-Лигада ойнайтын футбол клубының бәрі бюджеттен ақша алады. Ал «Астана» футбол клубы «Самұрық-Қазынадан» 2025 жылға 5,3 миллиард теңге алған.

Бірінші Лигадағы футбол клубтарына да бюджеттен қыруар ақша беріледі екен. Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша алды жылына 1,2 миллиард теңгеден алған.

"Жалпы есебін айтсам, 2025 жылы Премьер-Лига футбол клубтарына 24 миллиард теңге, Бірінші Лигадағы футбол клубтарына 7,7 миллиард теңге берілген. Сәйкесінше Қазақстанның қамбасынан 2025 жылы футболға 31 799 143 000 теңге жұмсалды деп ресми айтуға болады. Міне, футбол клубтарын жекеге берсек кемінде осынша қаражатты үнемдеп оны мұқтаж салаға салуға болады. Оның бірі спорт саласындағы жаттықтырушылардың жағдайы. 2025 жылы еңбек жолын енді бастаған жаттықтырушы 117 мың теңге алса, жоғары санатты жаттықтырушы 145 115 теңгеге күн көруге мәжбүр. Осылайша бұқаралық спорттың дамуына тікелей әсер ететін мамандар айлығын шайлығына жеткізе алмай пұшайман хәлде жүр. Салдарынан спорт саласындағы жаттықтырушылар жаппай білім саласына кетуде, себебі ол жақта жалақы жоғары. Бұл бір тараптың қаржысына ортақтасу емес, керісінше жалақыға жарымай жүргендерді жоғары айлық алатындармен теңестіруге үндеу", - деді ол.


Депутаттың ұсыныстары:

1. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздегі барлық футбол клубын жедел арада жекешелендіру қажет;

2. Қазақстандық футбол клубтары бүгінге дейін қанша қаражат алды, оны қайда жұмсады, бәрін толық тексеру керек;

3. Үкіметтің 1193 бұйрығына өзгеріс енгізіп дене шынықтыру-спорт ұйымдарындағы жаттықтырушылардың жалақысын көтеру қажет.