16 қаз, 2024 сағат 22:13

Қазақ тілін келемеждеген Черчесовке айыппұл салынды

Фото: ҚФФ

Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басшысы Әділет Барменқұлов бас бапкер Станислав Черчесовтың қазақ тіліне қатысты қалжыңынан кейін оған қандай шаралар қолданылғанын айтты, деп хабарлайды Ult.kz BaigeNews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Оқиға Алматыда Словениямен өткен ойында болған. Бір журналист қазақ тілінде сұрақ қойған кезде Черчесов "Французша сөйлеп тұрсың ба?" деп жауап берген.

Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға қатысты ҚФФ-ден түсінік талап еткен болатын.

Барменқұлов Черчесовпен мемлекеттік тілге құрмет көрсетудің маңыздылығы туралы түсіндірме жұмысы жүргізілгенін және бапкерге айыппұл салынғанын айтты.

"Қателік кетті, біз бұл туралы кеше ғана журналистермен талқылаған едік. Черчесовтың әзілдері, әрине, шектен шығып кетті. Мен онымен жеке сөйлестім, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен басымдылығын түсіндірдім. Біз онымен әңгімелесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Оған айыппұл салынды", — деді Барменқұлов.


Stan.kz мәліметінше, бапкерге 200 АЕК немесе 738 400 теңге көлемінде айыппұл салынған. 

Айта кетейік, Черчесовтың басшылығымен ұлттық құрама төрт ойын өткізіп, оның біреуі тең аяқталса, үшеуі 0:8 есебімен жеңіліске ұшыраған.