Бүгін Ресейдің Екатеринбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында шаршы алаңға шыққан қазақстандық жеті боксшының алтауы жарысты жалғастыратын болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін отандасымыз Абылайхан Жүсіпов 69 келі салмақта Ник Бирден басым түсті. Бұдан бұрын ол 2015 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері және Азия чемпионы таиландтық Вуттичай Масукты орта жолда қалдырып кетті.
Тағы бір боксшымыз Бекзат Нұрдәулетов те (81 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ол бүгін бразилиялық Кено Мачадоны сүріндірді.
Ал 91 келіден жоғары салмақта сынға түскен Қамшыбек Қоңқабаев Испаниядан келген Аюб Гадфаны жеңіп, жарыстың 1/4 финалына жолдама алды.
Сондай-ақ, жарыстың 1/4 финалдық сатысына Сәкен Бибосынов (53 келі), Қайрат Ерәлиев (57 келі), Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) және Василий Левит (91 келі) жолдама алған еді. Ал Закир Сафиуллин (63 келі) жарыс жолынан шығып қалды.