24 там, 2020 сағат 14:35

Блокпостағы көлік апаты: Іс сотқа жолданды

Алматы облысында BMW көлігімен блокпосты қиратып, 2 полиция қызметкерінің өліміне себепкер болған жүргізушіге қатысты іс сотқа жолданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Азат Азаматовқа қатысты іс Қарасай аудандық сотына жіберіліп, судья Мәди Көшекбаевқа берілді.

Алматы облысының прокуратурасы 28 мамырдағы жол апатына байланысты А.Азаматовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі басталғаны туралы хабарлаған болатын. Оның іс-әрекетіне байланысты ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлімімен (мас күйінде көлік айдап, екі немесе одан көп адамның қазасына әкелген жол апатын тудыру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. 

Оған дейін қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлімімен классификацияланған болатын.

Еске салайық, 25 мамыр таңғы сағат 05:26-да BMW маркалы көліктің 28 жастағы жүргізушісі мас күйінде блокпостағы полиция көлігіне соғылды. Салдарынан екі полиция қызметкері көз жұмды. Ал зардап шеккен үшінші полицей жақында ауруханада есін жиып, ауруханадан шықты. 

Кейін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қылмыстық істің мән-жайын тергеуді Ішкі істер министрлігі өзіне алғанын мәлім етті. Осы оқиғадан кейін Алматы қалалық Полиция департаментінің 9 қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Үш лауазымды қызметкер жұмысынан босатылды.