Фото нейрондық желі арқылы жасалған
Батыс Қазақстан облысында 16 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген 68 жастағы шенеунік қамауға алынды. Бұған дейін қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша тергеу қайта басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Ult.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының өндірісіне алынған.
"Кәмелетке толмаған қыздың әкесі айтқан қосымша деректер сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында тексерілді. Күдікті қамауға алынды", – деп хабарлады департамент өкілдері.
Полиция бұл іс облыстық полиция департаменті басшылығы мен прокуратураның ерекше бақылауында екенін айтты. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Бұған дейін жәбірленуші қыздың әкесі БАҚ-қа мәлімдеме жасап, 68 жастағы шенеунік оның 16 жастағы қызын алдап үйіне шақырып, зорлық әрекеттерін жасағанын айтқан. Сондай-ақ ол полицияның әрекетсіздігіне шағымданып, күдіктінің бастапқыда ұсталғанымен, кейін босатылғанын және тергеу өте баяу жүргізілгенін мәлімдеген.
Ал бастапқыда өңірлік полиция өкілдері тараптар арасында "өзара келісім болған" деп мәлімдеп, телефондағы жазбаларға сілтеме жасаған. Сондай-ақ қыздың анасы мен жәбірленушінің өзі шағымданудан бас тартқаны айтылған. Алайда бұл оқиға қоғамда резонанс тудырғаннан кейін іске Ішкі істер министрлігі араласты. Мәжілістегі брифингте ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойып, тергеу қайта басталғанын хабарлады.
Сонымен қатар журналистер істі бұрын жауып, күдіктіні босатқан қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі мәселесін көтерді. ІІМ негізгі сотқа дейінгі тергеу аяқталған соң қызметтік тексеру жүргізу туралы шешім қабылданатынын мәлімдеді.
