19 қаң, 2026 сағат 10:49

Баласын батареяға байлап, аяусыз сабаған жаркенттік әйел қамауға алынды

Фото: видеодан скриншот

Оқиға Жетісу облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласында болған, деп хабарлайды Ult.kz.

Баласын аяусыз сабап жатқан видео әлеуметтік желілерде тарап, полиция тексеріс жүргізді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Екі бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мән-жайды анықтағанға дейін Отбасын қолдау орталығына орналастырылды. Қамқоршылық және қорғаншылық органының атына ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарау туралы тиісті ұсыныс жолданатын болады", - делінген хабарламада.


Тергеу барысы Жетісу облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында екені және тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар жауапқа тартылатыны айтылды.

Еске сала кетейік, Жетісу облысының Жаркент қаласында өз баласын батареяға байлап, бірнеше минут бойы ұрып-соққан әйелдің видеосын журналист Жанар Нұртазина Instagram желісінде жариялады.

Видеодан шамамен 3–4 жастағы баланың шағын пәтердегі жылу батареясына қара жіппен байланғаны көрінеді. 30–35 жас шамасындағы әйел қорғансыз баланы тепкілеп, ұрып, ауыр сөздер айтқан. Кадрда пәтерде тағы үш баланың жүргені байқалады. Зорлық көрінісін біреу телефонға түсіріп отырған.

Журналистің айтуынша, видеоны баланың әкесі жолдаған, ал соққы көрсеткен - сол баланың анасы.